Қазақстанда бедеулік мәселесі жыл өткен сайын ушығып барады. Соған қарамастан, көп отбасы бала сүю жолындағы қиындықтың нақты қайдан туындағанын анықтамай, салдарымен күресуге мәжбүр. Елімізге белгілі уролог-андролог Ернұр Айнаев OY-DETOX подкасына қатысып, ер азаматтардың денсаулығы көбіне назардан тыс қалып, бұл жағдай отбасылық жанжалдар мен сәтсіз ем-домға алып келіп жатқанын айтты.
Ернұр Айнаевтың сөзінше, ер адамдардың басым бөлігі дәрігерге өз еркімен емес, отбасындағы жағдай ушығып кеткен кезде ғана жүгінеді. Көп жағдайда ЭКО жасау туралы шешім қабылданғанымен, ер азаматтың ұрық сапасы басты фактор ретінде назарға алынбайды. Соның салдарынан ем нәтижесіз аяқталып, баланың шетінеу қаупі күшейе түседі.
Маман әсіресе әйелдердің ұзақ уақыт бойы себепсіз ем қабылдап, өзін кінәлі сезінетінін атап өтті. Ал қарапайым анализ ер адамдағы нақты мәселені ертерек анықтауға мүмкіндік берер еді. Бұл әрі қаржылық, әрі психологиялық тұрғыдан отбасы үшін әлдеқайда тиімді болар еді.
«Маған келгендердің көбі ЭКО жасатамыз деп келеді. Мейлі ЭКО жасатады делік, бірақ ұрықтың сапасы нашар болса, бәрібір сол ұрықты салып береді. Алайда оның әйелінің түстік тастау ықтималдығы жоғары болады. Сол үшін бұл жерде себебін анықтау керек. Көп жағдайда ер адамдар мұны ескермейді», - деді маман.
Дәрігердің айтуынша, әйелдер бірнеше рет гинекологқа барып, «бәрі жақсы» деген жауап алса да, ем қабылдай береді. Ал ер адам тексерілмеген күйі қала береді. Бұл әсіресе оңтүстік өңірлерде жиі кездесетін әлеуметтік қысыммен де байланысты.
«Көп отбасыларда ер азамат тек үйде ұрыс-керіс басталғанда ғана дәрігерге келеді. Әйелі бірнеше рет тексеріліп, қымбат ем қабылдайды, ал ер адамның бір реттік анализі әлдеқайда арзан. Сол анализде-ақ мәселенің қай жақта екені анық көрініп тұрады. Сол кезде ғана ер адамдар өкініп жатады», - дейді дәрігер.
Маман ер азаматтарды жауапкершілікті кейінге қалдырмай, дер кезінде тексерілудің маңызын түсінуге шақырды. Оның айтуынша, репродуктивті денсаулық – тек әйелдің ғана емес, ер мен әйелдің ортақ жауапкершілігі.