Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлерге теңестірілген, бірақ мемлекет атынан тікелей шешім қабылдамайтын тұлғаларға кәсіпкерлікпен айналысуға рұқсат берілмек. Бұл туралы Сенат кулуарында сенатор Нұрлан Бекназаров мәлімдеді деп хабарлайды Juzmedia.kz.
«Бизнес жүргізуге тыйым тек мемлекет атынан шешім қабылдап, сол шешімдер үшін жауапкершілік алатын тұлғаларға ғана қатысты», – деді Бекназаров.
Сенатордың айтуынша, өзгерістер Конституциялық соттың шешімінен кейін енгізіліп отыр. Атап айтқанда, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлғаларға теңестірілген адамдарға кәсіпкерлікпен айналысуға толық тыйым салу Конституцияға қайшы деп танылған.
Бекназаровтың түсіндіруінше, сөз коммуналдық кәсіпорын басшылары сияқты санаттар туралы болып отыр.
«Аудан әкімі мемлекет атынан шешім қабылдайды, сондықтан оған тыйым сақталады. Ал, мысалы, су немесе жылумен қамту саласындағы коммуналдық кәсіпорын басшысы әкіммен тең функция атқармайды. Осындай қызметкерлерге кәсіпкерлікпен айналысуға рұқсат беріледі», – деді сенатор.
18 желтоқсанда Сенат сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, мемлекеттік қызмет, заңсыз алынған активтерді қайтару, мұрагерлік және алимент мәселелеріне қатысты заңнамалық өзгерістерді екі оқылымда қабылдады.
Сонымен бірге бірқатар санаттар үшін шектеулер сақталады. Аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері, Ұлттық банк қызметкерлері мен ұлттық компания басшыларына кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым қала береді. Мүдделер қақтығысы мен қызметтік өкілеттікті пайдалану жағдайларына да нақты шектеулер енгізіледі.