Шымкент қаласында антисанитариялық жағдайда «MacCoffee» 3/1 дайындаған заңсыз цехтың жұмысы әшкереленді. Әділет органдары мен полиция департаменті бірлескен жедел тексерістің нәтижесінде цех жұмысы тоқтатылды. Бұл туралы Әділет министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Тез еритін кофені «С» есімді азамат кәдімгі гаражда дайындаған. Күмәнді сападағы шикізат дайын қаптармен сатып алынған. Анықталған орында тез еритін дайын 3/1 кофені термотігіс арқылы ыдысқа құю, орау және өзге біреудің тауар белгісін жапсыру жұмыстары жүргізілген.
Аталған контрафактілік өнім қаладағы шағын дүкендер мен сауда нүктелері арқылы сатылған. Тексеру нәтижесінде құқық бұзушыдан «MacCoffee» 3/1 тауар белгісі бар 4000-нан астам орама бірлігі, сондай-ақ өндіріс жабдықтары тәркіленді.
Осы іске байланысты «С» азаматына қатысты әкімшілік іс қозғалды.