Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне соңғы алты жылда 4,8 трлн теңге көлемінде жарна түскен. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Министрдің айтуынша, бүгінде МӘМС жүйесімен шамамен 17 млн адам қамтылған. Соның ішінде 12 млн-ға жуығы – жеңілдік санатындағы азаматтар. Ал МӘМС қорының жалпы қаржы көлемі 6 жылда 6,8 трлн теңгеден асқан. Оның 2 трлн теңгесі мемлекет тарапынан жеңілдік санатындағы азаматтар үшін төленген. Тек биылдың өзінде бұл мақсатқа 1,4 трлн теңге бөлінген.
Ақмарал Әлназарова медициналық ұйымдарда Face ID жүйесі енгізіліп жатқанын атап өтті.
«Бұл жүйе медициналық ұйымдар тарапынан жасалатын тіркеу қателіктерін 7 пайызға азайтып, шамамен 10,5 млрд теңге бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік берді», – деді министр.
Сондай-ақ оның сөзінше, келесі жылы медициналық қызметтерді бөлу кезінде қолданылатын рейтингтік бағалау көрсеткіштері толық цифрландырылмақ. Нәтижесінде қаржыландыруға медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етіп отырған ұйымдар ғана қол жеткізеді.