homepage
Фото: Zakon.kz

Үш жасар баланың өліміне қатысты іс тергеуге қайтарылды

18.12.2025, 14:09

18 желтоқсанда Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында стоматологияда көз жұмған үш жасар баланың өліміне қатысты іс қайтадан сот тергеуі сатысына қайтарылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Сот отырысында судья Қажымұқан Мекемтас істі жарыссөз кезеңіне шығармақ болды. Алайда айыпталушы анестезиолог Аида Жұмағалиеваның қорғаушысы Сағынғали Елеуов сот тергеуін қайта бастау және судьяға қарсылық білдіру туралы өтінішхат берді.

Адвокат қорғау тарапының өтініштері ескерусіз қалғанын, баланың өліміне қатысты сараптамаларда қайшылықтар барын, соған қарамастан бірқатар мамандар сотқа шақырылмағанын айтты. Сондай-ақ істі прокурорға қайтарып, қосымша тергеу жүргізу жөніндегі өтініштердің қабылданбағанын жеткізді.

Қорғау тарапы судьяға қатысты тексеру жүргізілуі мүмкін деген ақпарат барын да алға тартып, істің бейтарап қаралуына күмән келтірді. Айыпталушы бұл уәждерді қолдады. Прокурор сот тергеуін қайта бастауға қарсы болмады, бірақ судьяға қарсылық білдіруге негіз жоқ екенін мәлімдеді.

Тараптарды тыңдаған сот істі қайтадан сот тергеуі кезеңіне қайтарды. Кейін процесті судья Қанат Тобағалиұлы жалғастырып, өтінішхат бойынша шешім бүгін жарияланатынын айтты.

Іс 2024 жылғы 30 қазанда стоматологияда наркозбен ем қабылдағаннан кейін қайтыс болған үш жасар балаға қатысты. Айыпталушы Аида Жұмағалиева өз кінәсін мойындамайды және сараптамалардың қорытындыларымен келіспейді.