homepage
Фото: Freepik

ІІМ "қауіпті құттықтаулар" туралы ескертеді

18.12.2025, 12:41

Ішкі істер министрлігі телефоныңызға келген жаңа жылдық құттықтауларды абайлап ашуға кеңес береді, деп хабарлайды Juzmedia.kz. Бұл алаяқтардың кезекті қармағы болуы мүмкін. 

Ведомствоның мәліметінше, алаяқтар қауіпті файлдар тіркелген «жаңа жылдық құттықтауларды» таратып, сондай-ақ бағасы әдейі төмендетілген сыйлықтар мен тауарлар туралы жалған хабарландырулар жариялап жібереді. Атап айтқанда, анимациясы немесе музыкасы бар ерекше құттықтау файлдары ашылған кезде құрылғыға вирус еніп, парольдерге, банк карталарына және түрлі қосымшаларға қол жеткізуі мүмкін.

Сонымен қатар, алаяқтар нарықтағы бағадан айтарлықтай арзан тауарлар мен сыйлықтарды ұсынып, алдын ала төлем алғаннан кейін хабарландыруды өшіріп, байланысқа шықпай қояды.

Осыған байланысты ІІМ бейтаныс сатушыларға алдын ала ақша аудармауға, сондай-ақ белгісіз адамдардан келген файлдар мен сілтемелерді ашпауға кеңес береді.