Ресейдің Мәскеу облысында мектепте болған шабуыл салдарынан тәжікстандық 10 жастағы оқушы қаза тапты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оқиға 16 желтоқсанда Одинцово қалалық округіне қарасты Горки-2 кентіндегі Успен орта мектебінде болған. 10-сынып оқушысы мектепке пышақ алып келіп, бастауыш сынып оқушыларына шабуыл жасаған.
Ол асханаға бара жатқан 4-сынып оқушыларын кезіктіріп, оқушылардың ұлтын сұрастырған. Осы сәтте қорқып, жан-жаққа жүгірген балалардың арасынан ол тәжік баласы Кобилджон Әлиевті ұстап алып, бірнеше рет пышақ сұққан, ол алған жарақаттарынан көз жұмды.
Радио Озоди мәліметінше, баланың анасы күйеуі қайтыс болғаннан кейін бірнеше жыл бұрын екі баласымен Ресейге көшкен, өзі ұлы оқыған мектепте еден жуушы болып жұмыс істейді.
Тәжікстанның сыртқы істер министрлігі бұл оқиғаны «ұлт араздық негіздегі шабуыл» деп бағалап, Ресейдегі елшісін шақырып, ресми нота тапсырды. Құжатта Мәскеу облысындағы мектепте болған қанды оқиға қатаң айыпталып, Ресей тарапынан істі жедел әрі объективті тергеу және кінәлілердің барлығын заң аясында жауапқа тарту талап етілген. Қаза тапқан оқушы Тәжікстан Республикасының азаматы болған.
Pamir inside дерегінше, Кобилджон келесі күні інісі мен ағасымен бірге Тәжікстанға қайтуы тиіс еді, себебі олардың құжаттарының мерзімі аяқталуға жақындаған. Бала 18-нші желтоқсанда туған жерінде жерленді.