Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға ресми сапары аясында жалпы құны 3,7 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдерге қол қою жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оның айтуынша, Токио қаласында Мемлекет басшысы жапондық ірі бизнес өкілдерімен жеке кездесулер өткізеді. Сапар барысында 40-тан астам құжатқа қол қою көзделген.
Келісімдер энергетика, жаңартылатын энергия көздері, цифрландыру, тау-кен өндірісі және көлік салаларын қамтиды. Қазақстан тарапынан құжаттарға «Самұрық-Қазына», KEGOC, «Қазатомөнеркәсіп», «Тау-Кен Самұрық», «Қазпошта», «Қазақстан темір жолы» компаниялары қол қояды. Ал Жапония жағынан Marubeni, MUFG Bank, Mitsubishi Heavy Industries, Hitachi Energy, Toshiba, JOGMEC, Kansai Electric Power, RIKEN KOGYO және өзге де ірі корпорациялар қатысады.
Руслан Желдібай Президенттің Жапонияға сапар бағдарламасы ресми келіссөздер мен іскерлік кездесулерге толы екенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жапонияға ресми сапармен бір күн бұрын келген. Мемлекет басшысын Токио қаласындағы Ханэда халықаралық әуежайында Жапонияның сыртқы істер жөніндегі мемлекеттік министрі Аяно Кунимицу қарсы алды.
18 желтоқсанда Президент Жапония императоры Нарухито және Премьер-министр Санаэ Такаичимен келіссөздер жүргізеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы «Орталық Азия – Жапония» саммитіне қатысады.