Алматы – Бангкок бағыты бойынша ұшқан Air Astana әуе компаниясының KC931 рейсі техникалық себепке байланысты Үндістанның Дели қаласына мәжбүрлі түрде қонды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оқиға 18 желтоқсанға қараған түні болған. Журналист Михаил Козачковтың хабарлауынша, ұшу кезінде ұшақтың оң жақ қозғалтқышы тұсынан қатты дыбыс естіліп, одан кейін әуе кемесі төмендей бастаған. Жолаушылар салонда күйік иісі сезілгенін айтқан. Экипаж қауіпсіздік мақсатында лайнерді Дели әуежайына қондырған.
Air Astana баспасөз қызметінің мәліметінше, ұшақ Алматыдан сағат 01:00-де ұшып шығып, Дели әуежайына 05:51-де қалыпты режимде қонған. Бортта 138 жолаушы болған. Қазіргі уақытта жолаушыларға тамақ беріліп, уақытша виза рәсімделген, әуе компаниясы қонақүйге орналастыру мәселесін шешіп жатыр.
Әуе компаниясы Бангкок бағыты бойынша рейсті жалғастыру үшін қосымша резервтік ұшақ дайындап жатқанын мәлімдеді. Айта кетейік, бұған дейін 17 желтоқсанда Air Astana компаниясының Алматы – Астана бағыты бойынша ұшқан KC851 рейсі салонда түтін пайда болуына байланысты MAYDAY белгісін беріп, Алматы әуежайына кері қонған болатын.