homepage
Фото: gov.kz

Пара алып ұсталған Хромтау әкіміне үкім шықты

17.12.2025, 17:46

Ақтөбе облысында Хромтау қаласының әкімі Сағындық Шабықбаевқа қатысты сыбайлас жемқорлық ісі бойынша сот үкімі шықты деп хабарлайды Juzmedia.kz.

2025 жылдың қараша айында Сағындық Шәбікбаев досымен бірге кәсіпкерден 400 мың теңге көлемінде пара алған. Ақша мемлекеттік сатып алу аясында атқарылған жұмыстарды кедергісіз қабылдап беру үшін берілген. Екі айыпталушы да өз кінәсін толық мойындады.

Сот шешімімен Сағындық Шабықбаев Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, параның 30 еселенген мөлшеріне тең — 12 миллион теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Сондай-ақ оған мемлекеттік қызметте кез келген лауазымды атқаруға өмір бойына тыйым салынды. Әкімнің досы да дәл осындай айыппұл алып, мемлекеттік қызметтен біржола шеттетілді.

Үкім шығару кезінде сот айыпталушылардың кінәсін мойындағанын және кәмелетке толмаған балаларының барын ескерген. 

Еске салайық, биыл қараша айында Хромтау қаласының әкімі екі айға қамауға алынған болатын. Ол қызметке екі жыл бұрын сайланған, бұған дейін Хромтау және Әйтеке би аудандары әкімдіктерінде, сондай-ақ Хромтау әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.