homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Алматыда ескі көліктерге шектеу қашан енгізіледі?

17.12.2025, 16:32

Алматыда экологиялық класы төмен көліктерге қалаға кіруге шектеу қойылмайды. Әзірге. Бұл мәселеге қоғамдық көлік жүйесін толық жолға қойып алған соң ораламыз, деді қала әкімі Дархан Сатыбалды. 

Әкімнің айтуынша, экологиялық класы Евро-4 және Евро-5-тен төмен автокөліктерге шектеу енгізу жоспарда тұр. Алайда, бұл жоспар 2030 жылға қарай қаладағы қоғамдық көліктің үлесін қазіргі 35 пайыздан 65 пайызға дейін арттырғаннан соң жүзеге асапақ  

Қалада қоғамдық көліктің жаңа түрлерін енгізу жоспарланып отыр.  Оның ішінде жедел автобус жолы (BRT), жеңіл рельсті көлік (LRT), метро желісін кеңейту және басқа да бағыттар бар. Сонымен қатар қала орталығында ақылы автотұрақтар көбейеді. Ал сол маңда тұратын тұрғындарға жеңілдіктер мен тегін орындар қарастырылады.

«Біздің мақсат – тұрғындарды жеке көліктен қоғамдық көлікке көшіру. Бірақ қоғамдық көлік жүйесі толық реттелмейінше, ешқандай шектеу болмайды», – деді Дархан Сатыбалды.

Биыл Алматыда газбен және электр қуатымен жүретін 940 автобус сатып алынған. Алдағы уақытта газ және электр қуатын қуаттау станциялары бар бес автопарк салу жоспарланып отыр. Оның үшеуі қазір салынып жатыр және жазға қарай іске қосылады. Жобаны алдымен инвесторлар жүзеге асырып, кейін мемлекет автопарктерді сатып алады. Бұл автобустарды қала аумағында теңдей бөлуге мүмкіндік береді.

Қазір автопарктердің басым бөлігі Түрксіб ауданында, әуежай маңында орналасқан. Бұл маршруттардың тиімсіз болуына әкеп соғып отыр.

«Қазір кейбір автобустар өз маршрутына жету үшін 40 шақырым жүреді, ал маршруттың өзі небәрі 30 шақырым. Біз қазір автопарктерді қала аудандары бойынша теңестірумен айналысып жатырмыз», – деді әкім.

Дархан Сатыбалдының сөзінше, көліктің кесірінен Алматы ауасының 60% ластанады.  60 пайызы Қалада ескі көліктердің саны 172 мыңнан асады: 70 мыңы – жергілікті, ал 100 мыңы – өңірлерден келетін көліктер.