homepage
фото: ашық дереккөзден

Е.Бапи: «Украина, сен неге қазақтың мұнайына залал тигіздің?» дей алмаймын

17.12.2025, 15:00

Депутат Ермұрат Бапи Каспий құбыр желісі консорциумының мұнай нысандарын атқылағаны үшін Украинаны жазғыру дұрыс емес деп есептейді. Бұл ұстанымын ол Kursiv.Media тілшісіне берген жауабында білдірген, деп хабарлайды Juzmedia. 

«КҚК құбырына шабуыл жасағаны үшін өзім Украинаны жазғыра алмаймын. Украина соғыс жағдайындағы ел. Мұнай терминалы Ресейдің жерінде тұрған нысан. Сондықтан «Украина, сен неге қазақтың мұнайына залал тигіздің?» деп айтуға менің моральдық қақым жоқ», – деп мәлімдеді Бапи. 

Бұған дейін депутат Айдос Сарым құзырлы органдардан КҚК-ге жасалған дрондар шабуылын құптаған азаматтарды «террорист», «сатқын» ретінде жауапқа тартуды сұрағанын хабарлаған едік. Сарымның мәлімдеуінше, осы құбыр желісі арқылы экспорт бір ай тұрып қалса, Қазақстан шамамен 500 млн долларға шығынға батады.   

2025 жылғы 27 қарашада консорциумның Новороссийскідегі терминалына дрондар шабуылдап, мұнайды танкерлерге құятын құрылғы істен шықты. Соның салдарынан қазақ мұнайын экспорттау азайған.