homepage
Фото: Агибай Аяпбергенов / Kazinform

Министрлік: азық-түлік бағасының өсуіне ҚҚС себеп емес

17.12.2025, 14:44

Ұлттық экономика министрлігі азық-түлік бағасының қымбаттауы қосылған құн салығының (ҚҚС) өсуімен байланысты емес деп мәлімдеді. Ведомство өкілдерінің айтуынша, қазіргі баға ауытқулары жекелеген нарық қатысушыларының алыпсатарлық әрекеттеріне байланысты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин Үкіметтегі брифингте жаңа Салық кодексінде көзделген ҚҚС мөлшерлемесінің 2026 жылдан бастап 16%-ға өсуіне қатысты пікір білдірді.

«Қазір бағаның өсіп жатқанын көріп отырмыз, бірақ бұл ҚҚС-қа қатысы жоқ басқа факторлармен байланысты. Ал жалпы алғанда, келесі жылы ҚҚС есебінен болатын өсім шамамен 2–3% деңгейінде болады», – деп түсіндірді вице-министр.

Ол сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер 30 жылдан бері ҚҚС-тан босатылғанын еске салды.

«Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер ҚҚС бойынша жеңілдетілген режимде жұмыс істейді. Келесі жылы мөлшерлеме өссе де, біз жеңілдікті 80 пайызға дейін ұлғайттық. Яғни ҚҚС бұрын қандай болса, сол күйінде қалады. Сондықтан Қазақстанда өндірілетін азық-түлік бағасының өсуіне ҚҚС себеп емес», – деді Азамат Әмрин.

Ал Сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жәуітбаев кейбір тауарлардың қымбаттауын маусымдық алыпсатарлықпен байланыстырды.

«Қазір бағаның өсуіне ешқандай объективті себеп жоқ. Бірақ жаңа жыл қарсаңында кейбір импорттаушылар мен көтерме саудагерлер бағаны алыпсатарлық жолмен көтеріп жатыр. Себебі бұл сегменттерде баға реттелмейді. Бұл, әрине, қарапайым халықтың қалтасына салмақ түсіреді», – деді ол.

Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов Сауда министрлігіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесін уақытша кеңейту жұмыстарын жеделдетуді тапсырған болатын.