homepage
Фото: Ашық дереккөзден

“Бұл - опасыздық”: депутат Сарым КҚК жасалған шабуылды қолдаған отандастарын айыптады

17.12.2025, 13:00

Депутат Айдос Сарым қазақстандықтардың әлеуметтік желілерде Каспий құбыр консорциумына (КҚК) жасалған шабуылдарды қолдауына құқықтық баға беруді талап етті деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Оның айтуынша, теңіздегі ұшқышсыз дрондар Новороссийск маңындағы КТК терминалына шабуыл жасап, жүк тиеу құрылғысының бірі – ВПУ-2 істен шыққан. Ал ВПУ-3 жоспарлы жөндеуде тұрғандықтан, терминал қазір тек бір құрылғымен ғана жұмыс істеуге мәжбүр. Бұл мұнай тасымалы көлемінің айтарлықтай қысқаруына әкеліп отыр.

Депутаттың дерегінше, КҚК арқылы Қазақстан жылына шамамен 30 млрд доллар көлемінде экспорттық табыс табады. Оның үштен бірі Ұлттық қорға түсіп, елдегі салық түсімдерінің шамамен 20 пайызын құрайды. Сарапшылардың бағалауынша, егер жағдай ұзаққа созылса, ай сайынғы шығын көлемі 500 млн долларға дейін жетуі мүмкін.

Айдос Сарым әлеуметтік желілерде кейбір азаматтардың бұл шабуылдарды ашық қолдап жатқанын айта келе, мұндай әрекеттер сөз бостандығы аясынан шығып, елдің ұлттық мүддесіне тікелей зиян келтіреді деп мәлемдеді.

Осыған байланысты депутат Бас прокуратура мен Мәдениет және ақпарат министрлігінен мұндай жария әрекеттерге құқықтық баға беруді сұрады. Ол бұл жағдайды Қылмыстық кодекстің 256-бабы (терроризмді насихаттау немесе террорлық актіге жария түрде шақыру) және 175-бабы (мемлекетке опасыздық) бойынша қарастыру мүмкіндігін ұсынды.