Владимир Зеленский Берлинде АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф және Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнермен екі күндік келіссөз өткізді. Зеленский мен Трамптың өкілдері Берлинге жексенбі күні келген, дүйсенбі күні келіссөздерге Еуропа елдерінің өкілдері келіп қосылды. Украина мен АҚШ бірқатар мәселелер бойынша өзара түсіністікке келгенімен, территория мәселесінде ортақ пікірге келе алмады деп хабарлайды Juzmedia.
Берлинде Зеленскийдің қатысуымен саммит өтті. Оған Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер, Франция президенті Эммануэль Макрон, Польша премьер-министрі Дональд Туск, Италия үкіметінің басшысы Джорджия Мелони, сондай-ақ Еуропалық комиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен мен НАТО Бас хатшысы Марк Рютте қатысты.
“Шынтуайтына келгенде, Екінші дүниежүзілік соғыстан бері мұндай жағдайды ешкім көрген емес. Бірақ, біз бейбітшілікке жақындап келеміз. Еуропалық көшбасшылардың қолдауы өте зор. Олар да мұның аяқталғанын қалайды. Ресей де, Укрина да соғыстың аяқталғанын қалайды. Бірақ, кейін қос тарап та бұл ойынан айнып қалады”. Трамп кездесуді осылай деп түйіндеді.
Еуропа Украинаның қауіпсіздігіне арналған кепілдіктер жоспарын ұсынды. Ол алты негізгі тармақтан тұрады. Құжат Украинаға тұрақты әскери қолдау көрсету, Еуропа жетекшілік ететін «Украинаның көпұлтты күштерін» құру, атысты тоқтатуды бақылау тетігі, Украинаны қалпына келтіруге инвестициялар тарту және Украинаның ЕО-ға мүшелігін қолдау секілді сұрақтарды қамтиды.
Соңғы екі күнде Берлинде Трамптың кеңесшілерімен жеті сағат бойы келіссөз жүргізген Украина президенті Владимир Зеленский тараптардың территория мәселесінде әлі де «әртүрлі ұстанымда» екенін мәлімдеді, ал бұл – бейбітшіліктің басты шарты.
Әрине, біздің Ресеймен аумақтарға қатысты көзқарасымыз әртүрлі. Мұны түсіну керек және бұл туралы ашық айту қажет. Менің ойымша, медиатор ретінде америкалық тарап белгілі бір консенсус табу үшін түрлі қадамдар ұсынатын болады. Біз қауіпсіздік кепілдіктері, аумақтар және Украинаны қалпына келтіруге арналған өтемақы мәселелері бойынша нақты жауаптар табу үшін бар күшімізді саламыз. Бұл қаржыландырудың қайдан келетінін де түсіну маңызды», - деп жазды Зеленский өзінің Telegram-арнасында.
Дүйсенбі күні Берлиндегі келіссөздерден кейін сөйлеген сөзінде Зеленский АҚШ Украинадан даулы территориялардан бас тартуды «талап етіп отырған жоқ», тек Ресейдің талаптарын Украинаға жеткізіп отырғанын айтты.
Келесі келіссөздер осы демалыс күндері АҚШ аумағында, мүмкін Майамиде, әскери мамандардың қатысуымен өтуі ықтимал. Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф Берлинде өткен келіссөздер барысында АҚШ пен Украина бейбітшілік жоспары бойынша елеулі прогреске қол жеткізгенін мәлімдеген еді. Ал, кейбір сарапшылар келіссөздердің “өте күрделі” өтіп жатқанын айтады.