homepage
фото: ашық дереккөзден

Мұңы көп моноқала

16.12.2025, 10:00

         Қазақстанда 90 қала бар, соның 20-сы моноқала. 1,3 миллионға жуық адам тұрады. Бұл қалалардың үлесіне елдегі өнеркәсіп өндірісінің үштен бірі тиесілі, дегенмен шағын шаһарлардың басым бөлігі жойылу алдында тұр. 

Үкімет моноқалалардың мәселесін 2012 жылдан бері оқтын-оқтын көтеріп келеді, тіпті бір кездері Өңірлік даму министрлігі құрылып, мұндай қалалардың айы оңынан туа ма деген үміт те болған. Бірақ, тағы сол бірақ...

Моноқалаларды дамытудың кешенді жоспары экономикалық серпілістің драйвері болуға тиіс еді. Алайда іс жүзінде бұл жоспардың орындалмай қалу қаупі бар: қаржыландыру көлемі екі есеге жуық қысқарды, жүздеген жоба іске аспай қалды. Бұл мәселе осы аптада «Amanat» партиясы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңестің отырысында талқыланды. 

Моноқалаларды дамытуға республикалық бюджеттен қарастырылған қаржының небәрі 25% ғана бөлінген. Сол аз қаржының өзі толық игерілмейді. Мәселен, бір ғана Алтай қаласының өзінде 400 миллион теңге игерілмей тұр.

Тәртіп орнамаған жерге қаржы ұдайы бағыттала бермейді. Индустриялық аймақтар бойынша да осындай жағдай: Премьер-Министрдің тапсырмасы болғанына қарамастан, Хромтауда жұмыс әлі де басталған жоқ, деді Партия хатшысы Ержан Жылқыбаев. 

Ал, «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Альберт Раудың айтуынша, моноқалаларды дамытуы тиіс негізгі жобалар қағаз жүзінде қалып отыр. Тарифтер жыл сайын 16-19% өсіп отыр. Мұндай жағдайда инвестор тарту қиын. Ал, мәжіліс депутаты Юлия Кучинская біздің моноқалалар «аққу, шортан һәм шаянның» күйін кешіп отыр дейді. 

Инфрақұрылым саламыз, алайда экономика қайда, кәсіпорындардың болашағы қандай, өнім қай нарыққа экспортталады, жаңа өндірісте кім жұмыс істейді деген сұрақтарға жауап жоқ. Осылайша қалалар қаңырап қалып жатыр: желілер бар, ғимараттар бар, бірақ тұрғындар жаппай көшуде. Моноқалаларды дамыту бағдарламасы сәтсіздікке ұшырады, оны мойындауымыз керек, дейді депутат. Ия, арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар?!

Моноқалалардың мұңы ортақ. Билік партиясы Үкіметке «шағын қалалардың тоқырауына жауапты кім?» деп сауал жолдапты. Билік партиясының мұнысы айнаға қарап сын айтқандай. Парадокс.