homepage

Кимешек хиджабқа жата ма?

27.11.2024, 09:39

КИМЕШЕК ХИДЖАБ ПА

Біріншіден, кимешек хиджаб па? Жоқ, кимешек — хиджаб емес. Кимешек — қазақ әйелдерінің дәстүрлі бас киімі, оны жасы үлкен әйелдер немесе әже атанған әйелдер киеді. Ол тек бас пен иық үстін жауып қана қоймай, әшекейлермен, ою-өрнектермен безендірілген сәндік элемент ретінде де қолданылады.

Ал хиджаб — ислам дінінде әйелдердің денесін жабатын, әурет жерлерін көрсетпейтін киім түрі. Хиджабтың түрлері әр түрлі халықтың мәдениетіне байланысты өзгеруі мүмкін, бірақ хиджаб – қазақтың дәстүрлі киім үлгісі емес.

Бұл екі киімнің қызметі де, мәні де әртүрлі. Кимешек — қазақ халқының мәдениеті мен салт-дәстүрінің бір бөлігі болса, хиджаб — дінге қатысты ұғым. Хиджабты балиғат жасына толған (шариғатта балиғат жасы 9 жас ) қыз бала киюге міндеттеледі. 

КИМЕШЕКТІҢ ШЫҒУ ТАРИХЫ

Кимешек ұзақ ғасырлар бойы қазақ мәдениетінде сақталып, тұрмыс салтына байланысты қалыптасқан. Кимешек негізінен тұрмысқа шыққан әйелдерге арналған, олардың жасына, әлеуметтік мәртебесіне және өмірлік жағдайларына байланысты әртүрлі стильде тігілген.

Кимешектің нақты пайда болған уақыты туралы деректер жоқ, бірақ көне замандардан бері қолданыста болған деп есептеледі. Көшпелі қазақ үшін киім тек сән үшін емес, сондай-ақ ыңғайлылық пен әлеуметтік рөлді көрсету құралы болған. Кимешек әйелдің отбасылық жағдайын, мәртебесін және жасын көрсеткен.

Мәселен, энтно-дизайнер Тілек Сұлтан киімешектің ислам дініне дейін қолданыста болғанын айтады. Оның коллекциясында әр рудың ерекшелігімен тігілген 30-ға тарта көне кимешек сақталған.

«Ислам діні кірмей тұрып, түркі халқында кимешек бартұғын дейді. Өйткені, бұрынғы көне суреттерде, Қытайдың бұрынғы тарихи деректерінде және «Құпия шежіреде» Шыңғысханның жары Бөрте ханымның миниатюрасында кимешек киіп тұрған суреттері бар екен. Соған қарағанда аналарымыз ислам дінінің енуіне дейін кимешек киген», - дейді ол баспасөзге берген сұқбатында.

Ал қазақ этнографиялық энциклопедиясында кимешектің қазақ рулық жүйесіне байланысты түрлі үлгілері болғаны айтылады. Кимешектің көне түрі – орама кимешекті Солтүстік Қазақстан қазақтары ХХ ғасырдың 20-30 жылдарына дейін киген.

КИМЕШЕКТІҢ МӘДЕНИ МАҢЫЗЫ

Дәстүрлі қазақ қоғамында кимешек тек киімнің бір үлгісі ғана емес, әйелдің тұрмысқа шыққанын, ана екенін және оның қоғамдағы орнын көрсететін символ ретінде танылды. Жас келіндер мен үлкен әйелдер кимешекті әртүрлі үлгіде киді. Атап айтқанда, жас келіндерге арналған кимешек жеңіл әрі сәнді кестеленді. Ал жасы үлкен әйелдердің кимешегі қарапайым әрі байсалды стильде тігілген.

Уақыт өте келе кимешек өзінің күнделікті қолданысынан айрыла бастады, бірақ оның символикалық мәні мен эстетикалық құндылығы әлі де жоғары. Қазіргі таңда кимешек дәстүрлі шараларда, ұлттық мерекелерде және театрлық қойылымдарда жиі қолданылады. Бұл – қазақ халқының мәдени мұрасына деген құрметтің белгісі. Мұндай киімді бас киім басқа халықтарда кездесе бермейді. Кимешектің қырғыздарда, қарақалпақтарда және Қытай халық республикасының батысында мекен ететін салорларда кездесетіні климаттық, дәстүрлік ұқсастықпен және халықтардың этномәдени байланыстылығымен түсіндіріледі.

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.