Желтоқсан - желігетін емес, жаныңды мұң жегідей кеміретін көтеріліс…
Желтоқсан - жерінетін емес, жаныңды қарып, жігеріңді оттай жанитын көтеріліс...
Оқиға емес. Ол айдан анық, күннен қанық – аксиома!
Желтоқсан – сан жылдар бойы сананы әбден сансыратқан себебі бар кәдімгі КӨТЕРІЛІС. Керек болса, тіпті РЕВОЛЮЦИЯ. Ұлт азаттық көтеріліс мәртебесіне әбден лайық ТӨҢКЕРІС.
Рас. Әу, баста алаңды бетке алған жастар: «Қырамыз да жоямыз. Тәуелсіздік аламыз» деп аттандамағаны ақиқат. Желтоқсанда жастарды алаңға алып шыққан Орталықтың әділетсіз әрі өктем әрекеті ғана. Бірақ, әпербақан, әкірең Орталықтың сол кездегі әрекеті кейін күллі Одақтың опырылып, шаңырағы ортасына түсіп, омақа асатынын сол кездегілер білмеді... Ал, Желтоқсан ұзақ жылдар ұйыған қан мен қайратты, Ұлттық намыс пен Рухты таптатпаудың талабы ғана болатын. Талағы тарс айырылған Кеңес Өкіметі әдеттегі өктемдішілдігіне басып, таптап өте шығамыз деді. Таптап өтті де... Талап кетті де... Талай жастың тағдырын тас-талқан етті де...
Сол үшін де желтоқсан жерініп тұрып, жақсы көретін көтеріліс. Желтоқсан - енді қайтіп желкемнің шұңқыры көрсін деп лағынет айтатын көтеріліс. Желтоқсан - рух пен ұлтты сан жылғы сарсаң мен сергелдеңнен сергітіп, серпілткен көтеріліс. Ең өкініштісі, кейбір тарихшылар «желтоқсанның шындығы 21-ғасырдың өн-бойында ашыла қоюы екіталай» деп жүр. Демек, Ұлт азаттық мәртебеге әбден лайық көтерілісті көгендеулі, көнбіс көбіміз бүгін-ертең көзімізді жұмып қойып, сол баяғы «оқиғасы» дұрыс шығар деуден ары аса алмайтын шығармыз...
Желтоқсан талайды жылатты. Талайды қан-қақсатып, қасіретке батырды. Қадыр Мырза Әлінің «Иірім» атты естелігінде: «Қайсар, ештеңеден тайынбайтын нағыз адамның жылағанын көрдім. Иә, иә, жылағанын! Желтоқсан оқиғасынан кейін бір күні маған Қасым ағамыз телефон соғып: -Сенімен жолыққым келеді,-деді. Ол мені Жазушылар одағында күтетін болды. Сол уәделі жерде кездестік. Оңаша бөлмелердің бірінде отырып сөйлестік. Әңгіме басталар басталмастан ағамыздың еңкілдеп тұрып жыламасы бар ма?! Неге? Не үшін? Не болып қалды? Түсінсем бұйырмасын! -Қасеке! Қасеке!-дей берем. -Сабыр! Сабыр! Не болып қалды!-дедім, не істерге білмей. -Аямады ғой, аямады. Шырқыратып сабады ғой жастарды! Көрдім! Өз көзіммен көрдім! Бәрін де көрдім! Бәрін де! Бірақ, дәрмен жоқ. Түк істей алмадым. Өйткен партизандығым құрысын! Фашистердің өзі олай қорлай алмап еді! Қорлатпап едік! Бұлар қорлады!»... Өксіп-өксіп жылап шығып кетті». Солай. Батырды да жылатты... Солай, сол кездегі шенді-шекпенсіз билік басындағылардың бет-перделерін мен томаға-торсықтарын түгел сыпырды, бұл Желтоқсан. Ол туралы енді ел ішінде гу-гу көөөөп...
Иә, Желтоқсан - көтеріліс. Желтоқсан - қылышынан қан тамған, қаһарынан қарғыс жауған қызыл империяға қарсы қазақтардың соңғы рет тұяқ серпіген - этника-аралық көтерілісі.
Желтоқсан тоталитаризм мен әкірең әміршіл жүйенің езгісінен төзімі түгесілген қазақтың ғана емес, талай халықтың жігерін жанып, намысын қайраған көтеріліс. Желтоқсан - Еуразия кеңістігіндегі дала демократиясы мен жариялылықтың салтанат құруына себепкер болған серпілістердің алғашқы қарлығашы. Желтоқсан - тау халықтары мен Балтық жағалауы елдері еңселерін көтеріп, етек-жеңін жиып, ұйқысынан оятқан көтеріліс.
1989 жылы көктемде Грузия астанасында халық көшеге шықты. Тбилисидің орталығына жиналған мыңдаған адам елдің тәуелсіздігін жариялауды талап етіп, бірнеше адам аштық жариялады. 9 сәуір күні СССР ішкі істер әскері бейбіт шеруге қатысқандарды саперлік күрекпен ұрып, газ шашып күшпен таратты. 20 адам қаза тауып, жүздеген адам жараланды...
1989 жылғы 23 тамызда Эстония астанасы Таллинндегі «Ұзын Герман» мұнарасы мен Литва астанасы Вильнюстегі «Гедиминас мұнарасының» арасын екі миллионнан астам адам қол ұстасып, «тірі шеп» құрып жалғастырып тұрды. Литва, Латвия және Эстонияның тәуелсіздікке ұмтылысын әлемге паш ететін бұл шара «Балтық жолы» деп аталды. Акция Балтық бойындағы үш мемлекетті тәуелсіздігінен айырып, Совет одағы құрамына күштеп кіргізуге себеп болған «Молотов-Риббентроп пактісіне» қол қойылғанына (1939 жылғы 23 тамыз) жарты ғасыр толған күні ұйымдастырылды.
6 наурыз 1988 жыл. Қырым татарлары совет өкіметінен өздерін тарихи атамекеніне қайтаруды талап етіп, шеруге шықты.
23 қазан 1989 жыл. Украинаның «Рух» халық қозғалысы Киевтің Тәуелсіздік алаңында (Майдан Незалежності) Украинаның тәуелсіздігін жариялауын талап етіп митингі өткізді.
Міне, осылайша Алматыда 1986-ның желтоқсанында өткен - Желтоқсан көтерілісі - бодан елдердің бостандыққа ұмтылуына жол ашып берді.
Желтоқсан - көнсек те, көнбесек те – Көтеріліс. Сенсек те, сенбесек те – Ұлы серпіліс!..
Бекәлі Жәдік