homepage
фото: Juzmedia.kz

Петропавлда 2,4 млрдқа салынған емхана жұмыс істемей тұр

15.12.2025, 21:00

Петропавлда осыдан екі жыл бұрын қомақты қаржыға салынған емхана жұмыс істемей тұр. 8 мың шаршы метр ғимаратта қазір үш ақ дәрігер қабылдау жүргізеді. 100-ге жуық кабинеттің есігі 2 жылдан бері ашылмаған. Ал, қымбат медициналық қондырғылар қаңтарылып тұр, деп хабарлайды Juzmedia. 

Қала әкімі Серік Мұхамадиев салтанатпен ашқан ғимараттың тіпті лицензиясы да жоқ болып шықты. Бір ауысымда 250 адамды қабылдап, 17 мың тұрғынға қызмет көрсетуі тиіс медициналық мекемені салуға бюджеттен 2,4 млрд теңге жұмсалған болатын. 

Есесіне тұрғындар 4 бірдей емхана арасында сабылып жүр. «Бірінде сараптама тапсырасың, екіншісінде дәрігер қабылдайды, үшіншісінен дәрі-дәрмек аласың осылай жүріп ауруың да асқынады», - дейді қала тұрғыны. 

«Ғимаратты денсаулық сақтау басқармасы өз есебіне енді ғана алды, мәселе реттеледі», - деп сендіреді емхана директорының міндетін атқарушы Нұралы Әбуов.