Қазақстанның Энергетика министрлігі елде бірыңғай уақыт белдеуіне көшу электр энергиясын тұтынудың күрт өсуіне әкелмегенін мәлімдеді. Бұл туралы вице-министр Сұңғат Есімхановтың дерегіне сілтеме жасап Juzmedia.kz хабарлайды.
Министрліктің мәліметінше, Шығыс Қазақстан облысында электр энергиясын тұтыну соңғы бір жылда небәрі 1 пайызға ғана артқан. Вице-министр бұл өсімді уақыт белдеуінің ауысуымен емес, халық санының көбеюі мен жаңа нысандардың салынуымен байланыстырады.
Ал Атырау облысында, керісінше, сағат ауыстырылмағанына қарамастан, электр тұтыну көлемі 13 пайызға өскен. Министрлік мұны өңірде жаңа өндіріс орындарының іске қосылуымен түсіндірді. Қызылорда облысында да тұтыну 6 пайызға артқан, бұл өсім энергетикалық нысандар санының көбеюі мен демографиялық факторларға байланысты.
Сұңғат Есімхановтың айтуынша, энергетика саласының мамандары да сағатты ауыстыру электр тұтынуға айтарлықтай әсер етпеген деген ортақ пікірде. Кешкі және таңғы тұтыну уақыты тек орын ауыстырған, ал жыл сайынғы 3–4 пайыздық табиғи өсім сақталған.
Еске салайық, Қазақстан өткен жылдың наурызында бірыңғай уақыт белдеуіне көшкен болатын. 13 облыс пен республикалық маңызы бар үш қалада сағат тілі бір сағатқа кейін шегерілген. Кейінірек бұрынғы уақытты қайтаруды талап еткен петиция 50 мың қол жинағанымен, Сауда және интеграция министрлігі бұл мәселені қайта қараудан бас тартқан.