Қазақстандық кәсіпқой боксшы, әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлына қатысты допинг дауы қайта қаралады. Бұл туралы Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясы мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Федерацияның дерегінше, спортшының допинг-бақылау нәтижесіне қатысты В сынамасын ашу күні мен уақыты белгіленген. Бұл рәсім А сынамасының нәтижесін растау немесе жоққа шығару үшін жүргізіледі және халықаралық антидопинг ережелеріне сай өтеді.
Федерация өкілдері В сынамасын ашу – "спортшының кінәсі дәлелденді” дегенді білдірмейтінін атап өтті. Бұл тек фактілерді нақтылау үшін жасалатын стандартты процедура. Талдау тәуелсіз, аккредиттелген зертханада өткізіледі және оған спортшының немесе оның өкілдерінің қатысуына мүмкіндік беріледі.
Сонымен қатар, федерация екі сынама бойынша ресми қорытынды шықпайынша, Жәнібек Әлімханұлына қатысты қандай да бір жария пікір немесе болжам айтуға қарсы екенін мәлімдеді. VADA ұйымы А сынамасы бойынша ресми жауапты әлі берген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Әлімханұлының үш титул үшін жоспарланған жекпе-жегі өтпей қалған. Қазақстандық боксшы мельдоний қолданды деген күдікке ілінген. Бұл жағдайға байланысты WBO өз тергеуін бастады, ал IBF әзірге ресми мәлімдеме жасаған жоқ.