Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстанда жоспарланған үш жылу электр орталығының тағдыры туралы айтып берді. Оның айтуынша, жобаның екеуі бойынша Ресей тарапынан әлі жауап жоқ, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Министрдің сөзінше, Көкшетаудағы жылу электр орталығын Қазақстан өз күшімен салу туралы шешім қабылдаған. Ресей Федерациясы бұл жобадан бас тартатыны туралы осы жазда хабарлаған.
«Жазда Үкімет Көкшетаудағы ЖЭО-ны өзіміз жүзеге асырамыз деген шешім қабылдады. Құрылыс жұмыстары басталып кетті: күзде жер қазу жұмыстары жүргізілді, алаңды дайындау жарты жылдан бері жалғасып жатыр. Тапсырыс беруші — Энергетика министрлігі, жоба “Самұрық-Энерго” компаниясына берілді, барлық жұмысты солар атқарады», — деді Ерлан Ақкенженов.
Ал, қалған екі нысан бойынша Ресей тарапынан жеңілдетілген қаржыландыруға қатысты нақты жауап әлі жоқ.
«Бұл мәселені қазақстандық тарап қолайлы сәттерде көтеріп отыр, алайда мемлекетаралық жеңілдетілген несие бойынша шешім жоқ», — деді министр.
Ерлан Ақкенженов егер алдағы уақытта көршіден жауап келмесе Семей мен Өскемендегі жылу электр орталықтарын да Қазақстан өз қаражаты есебінен салуға мәжбүр болатынын атап өтті.
Айта кетейік, елде 3 ЖЭО салу жоспары алғаш рет 2023 жылы жарияланған. Нысандар Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында бой көтеруі тиіс болған. Кейін халықаралық қаржы институттарының көмір генерациясын қаржыландырудан бас тартуына байланысты жобаларды іске асыруда қиындықтар туындады. 2025 жылдың жазында жаңа сала министрі Ерлан Ақкенженов Үкіметтің бұл жобаларға қатысты қосымша жоспары бар екенін мәлімдеген.