homepage
Фото: Reuters

Сиднейдегі шабуыл: оқ атқандар әкелі-балалы болып шықты

15.12.2025, 09:07

Сиднейдегі Бонди-Бич жағалауында жексенбі күні болған атыс салдарынан 15 адам қаза тапты. Оқ жаудырған екеу - әкелі-балалы болып шықты. Ел полициясы бұл оқиғаны террористік шабуыл деп бағалады. 

Алдын ала мәлімет бойынша, атысқа екі адам қатысқан. Оның бірі - 50 жастағы ер адам оқиға орнында көз жұмған, ал оның 24 жастағы ұлы ауыр халде ауруханаға жеткізілген. 

Шабуыл еврей халқының Ханука мерекесін атап өтіп жатқан сәтте болған. Жағажай маңындағы шағын саябақта мыңнан астам адам жиналған. Куәгерлердің айтуынша, атыс шамамен 10 минутқа созылған.

Полиция жергілікті уақытпен кешкі 18:47-де атыс туралы алғашқы хабар алған. Кейін BBC растаған бейнежазбаларда екі адамның жағажайға апаратын көпірден бірнеше минут бойы адамдарға оқ жаудырғаны көрінеді. Тағы бір видеода қарулы шабуылдаушылардың біріне арт жағынан бір адам тап беріп, қаруын жұлып алғаны байқалады. Осыдан кейін ол адам қашып кеткен.

Жаңа Оңтүстік Уэльс штатының денсаулық сақтау министрі Райан Парктың мәліметінше, қаза тапқандар саны — 15 адам. Бұдан бөлек, кемінде 40 адам ауруханада жатыр, олардың ішінде екі полиция қызметкері бар. Дәрігерлер олардың жағдайын ауыр, бірақ тұрақты деп бағалап отыр. Зардап шеккендердің жасы 10-нан 87 жасқа дейін.

Ресми органдар шабуылды мақсатты түрде жасалған антисемиттік әрекет деп сипаттады. Полиция күдіктілердің көлігінен қолдан жасалған бірнеше жарылғыш зат табылуы мүмкін екенін де мәлімдеді. Тергеу жалғасып жатыр.