Танымал жүргізуші Дина Төлепберген өз некесін заңды түрде бұзбай жатып, басқа отбасын құрған еркекті қылмыстық жауапкершілікке тартып, 5 жылға бас бостандығынан айыруды ұсынды, деп хабарлайды Juzmedia.
Қазақстанда “көп әйел алу заңдастырылсын” деп айқайлап жүргендер бар. Ондайлардың көбі, өз некесін бұзбай тұрып, басқа әйелмен жасырын неке қиятын ерлер. Мұндайды заң тілімен «бигамия» дейді. Яғни, бір уақытта екі некені қатар жасау әрекеті. Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек мәселен Ұлыбританияда, бигамия үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, ал Канадада 14 жылға дейін, дейді Дина Төлепберген.
Ал, Қазақстанның “Неке және отбасы туралы” Кодексінде “ерлі-зайыптылардың біреуі басқа некеде тұрған жағдайда жаңа неке жарамсыз болып танылады” делінген. Алайда, жарамсыз деп тану жаза емес, деп топшылайды тележүргізуші.
Салдарынан бірінші әйелдің құқығы тапталады, ал еркекке бәрібір. Бұл біздің қоғамдағы ең ауыр әділетсіздік дер едім. Құқықтық вакуум. Сондықтан, мен бигамияны заңмен реттеу керек деймін. Егер ер адам некесін заңды түрде бұзбай жатып, басқа отбасын құрса ол 5 жылға дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс. Меніңше, әйелге Алланың атымен ант беріп, Адамның алдында адал бола алмаған ер, ешқашан ер бола алмайды. Ол – ез, деп түйіндейді тележүргізуші.
Оның ойынша, мұндай іс үшін қос тарап та жауапты болуы тиіс. Егер екінші әйел болуға келіскен ару оның некеде екенін білген болса, оны да әкімшілік жауапкершілікке тарту ұсынылды, ал егер білмесе мемлекет оны жәбірленуші ретінде қорғауы тиіс.
Бұған дейін, мәжіліс депутаты Абзал Құспан елде көп әйел алуды заңмен реттеу керек деген пікірімен бөліскен, оның айтуынша елде ауқатты адамдардың көбінің бірнеше әйелі бар, тіпті кейбірі бес әйелге дейін алған.
"Әйел құқығын шынайы қорғайтын болсақ, тоқал құқықтық тұрғыдан қорғалмаған. Алимент ала алмайды, "дүние алып бер, баламды асырайтын жағдай жасап бер" деп заңды түрде талап ете алмайды. Ең болмағанда осы себеппен ол заңдастыруды қажет етеді, деген депутат.
Осыған дейін, қазақстандықтар актер Дәурен Айдарқұловтың Zamandas подкастында айтқан пікірін қызу талқылаған. Актер ресми некеде жүріп, екінші отбасы құрғанын, бұл туралы бірінші әйелі мен үш баласын мүлдем білмегінін айтқан.
«Жалпы әйеліңе екінші әйел алатыныңды ескерту қаншалықты маңызды?! Негізі ескерту міндетті емес. Екінші әйел алатыныңды міндетті түрде айту керек деп ойламаймын. Бірақ тоқал алу жоспарда болса, оны қызға үйленбей тұрып ескерткен дұрыс. Ол келіссе, кейінгі қадамдар жеңіл болады. Сенің де арың таза болады. Ал мен өз жағдайымда әйеліме алдын ала айтпадым», деді ол.