Қарағанды облысындағы «Мойынты–Шығанақ» теміржол учаскесінде қаза тапқан төрт теміржолшының денесі жер қойнына тапсырылды. Марқұмдардың артында балалары мен асырауға мұқтаж жақындары қалды, деп хабарлайды Juzmedia.
Еске салсақ, 2025 жылғы 10 желтоқсанда Сарышаған станциясының жол бригадасы рельсті ауыстырып жатқанда, жүк пойызы қағып кетіп, 4 теміржолшы қаза тапқан болатын. Қаза болғандардың ең үлкені – 60 жастағы Серікқан Жүнісов. Ол теміржол саласында 33 жыл еңбек еткен. Марқұмның артында үш баласы қалды, олардың бірі – кәмелетке толмаған.
50 жастағы бригадир-механик Мақсұт Тауырбековотбасының жалғыз асыраушысы болған. Оның артында екі кәмелетке толмаған баласы қалды. 45 жастағы жол монтері Бауыржан Ахрапбаев«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында бір айға жетпей жұмыс істеген. Марқұмның зейнеткер ата-анасы бар. Қаза тапқандардың ең жасы – Дархан Сатыпалды, 24 жаста. Оның артында жұбайы мен зейнеткер анасы қалды.