homepage
фото: Ашық дереккөзден

"Транстелекомның" тұтқасы Турловқа тапсырылмақ

13.12.2025, 22:32

Тимур Турлов “Транстелеком” компаниясын сатып алмақ. Сату-сатып алу процесі басталды, деп хабарлайды Juzmedia. 

Бұған дейін компанияның акционерлері Директорлар кеңесінің құрылымын өзгерткен. “Транстелеком” АҚ Қазақстанның байланыс нарығындағы маңызды ойыншы.  Бұған дейін БАҚ беттерінде компанияның 75% акциясы Нұрали Әлиевке тиесілі деген ақпарат тараған, тағы 25% «Қазақстан темір жолы» ҰК еншісінде. Кейінірек тең иелердің қатарына Ғалымжан Есенов қосылды, енді компанияның акциялары тұтас Турловқа қатысты бизнес құрылымдардың қарамағына өтпек. 

«Транстелеком» — стратегиялық маңызы бар актив. 2015 жылы компания 9 млрд теңгеге жекешелендіріліп, дәл осы уақытта Назарбаевтың жиен немересі Нұрали Әлиев акционері атанады, 2022 жылы компанияның тым арзанға сатылып кеткені туралы пікірлер айтылып барып, басылған. Әрине, бүгінде байланыс операторының нарықтық құны әлдеқайда жоғары, алайда қазіргі мәміленің сомасы көпшілікке жарияланған жоқ.

38 жастағы Тимур Турлов — Freedom Holding Corp. компаниясының негізін қалаушы әрі мажоритарлық акционері, ол компания акцияларының шамамен 70%-ына иелік етеді. 2025 жылғы мамыр айында оның байлығы – 5,8 млрд АҚШ доллары деп бағаланып, ол Қазақстандағы ең бай 75 кәсіпкердің рейтингінде екінші орынға тұрақтаған. Сондай-ақ, ол Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша елдегі ең ықпалды 50 кәсіпкер тізімінде төртінші орында тұр.