homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Ақнәрдің ісі аяқсыз қалар түрі бар

13.12.2025, 15:04

Алматыда көз жұмған Ақнәр Гүлстанның өліміне қатысты резонансты қылмыстық іс аяқсыз қалар түрі бар, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Марқұмның анасы Гүлстан Хамиттің айтуынша, іс бір ведомстводан, екіншісіне берілген кезде маңызды дәлелдердің бір бөлігі жоғалған. Ол тергеу органдарына бірнеше рет видео, фото және хат-хабарларды қайта тапсыруға мәжбүр болғанын айтады. 

Еске салайық, Ақнәр Гүлстан 2023 жылы Алматыдағы тұрғын үй кешендерінің бірінде қайтыс болған еді. Алғашында іс полицияда тіркеліп, кейін Антикорға, одан соң ҰҚК-ге өткен. Тергеу Қылмыстық кодекстің «Өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу» бабы бойынша жүргізіліп жатыр. Бірақ марқұмның туыстары бұл нұсқамен келіспейді.

Анасының сөзінше, Ақнәрдің денесінен зорлық-зомбылық белгілері табылған. Осыған байланысты ол істі «кісі өлтіру» бабы бойынша қайта саралауды және тергеуді Алматыдан басқа өңірге немесе Астанаға ауыстыруды талап етіп отыр. Қазіргі таңда іс сотқа жетпеген, тергеудің нақты қорытындысы жарияланбаған. Марқұмның жақындары әділ тергеу жүргізілмей отырғанын айтып, Президент пен Бас прокуратураға бірнеше рет жүгінген.