АҚШ президенті Дональд Трамптың атысты тоқтату туралы келісіміне қарамастан, Таиланд пен Камбоджа арасындағы шекаралық қақтығыс тоқтар емес. Бұл туралы Reuters агенттігіне сілтеме жасап Juzmedia.kz хабарлайды.
Екі ел бір-бірін айыптап отыр. Камбоджа тарапы тай армиясы шекара маңындағы нысандарға соққы жасауды жалғастырып жатқанын мәлімдесе, Бангкок Камбоджа әскері халықаралық нормаларды бұзып, азаматтық инфрақұрылымға оқ атқанын алға тартады.
12 желтоқсанда Дональд Трамп тараптармен телефон арқылы сөйлескеннен кейін жұма кешінен бастап атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізілгенін айтқан болатын. Алайда шекарадағы қарулы қақтығыс 8 желтоқсанда қайта ушықты. Осыдан кейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ресми мәлімдеме жасап, қақтығыстың Таиландтағы танымал туристік аймақтардан алыс жерде өтіп жатқанын, сондықтан елде жүрген қазақстандықтар үшін қауіп жоқ екенін хабарлады.
Ал, шекарадағы жағдай шиеленісіп барады.