Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілеттігі кеңейтілді. Енді бұл орган елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, стратегиялық ресурстарды басқаруға да жауапты болады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1996 жылғы 1 сәуірде қабылданған «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті туралы ережені бекіту туралы» №2922 жарлыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі құжатқа қол қойды. Жаңартылған ережеде комитеттің қаржылық мониторинг және мемлекеттік материалдық резервтерді басқару саласындағы функциялары кеңейтілген.
Стратегиялық ресурстар қатарына мұнай, газ, көмір секілді энергетикалық қорлар, ауызсу көздері, негізгі азық-түлік қоры, металл және фармацевтикалық шикізаттар, сондай-ақ қорғанысқа арналған қару-жарақ пен техника кіреді. Бұл қорлар төтенше жағдай кезінде елдің тұрақты тіршілігін қамтамасыз ететін қауіпсіздік кепілі ретінде қарастырылады.
Құжатқа сәйкес, ҰҚК өзіндегі ақпаратты басқа мемлекеттік органдарға жолдау құқығына ие болады. Бұл қаржы жымқыру, терроризмді қаржыландыру және өзге де заңсыз схемаларды дер кезінде анықтап, жолын кесуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ҰҚК мемлекеттік материалдық резервтерді басқаруға жауапты орган ретінде айқындалды. Комитет қандай ресурсты, қандай көлемде сақтау қажет екенін, оны қашан пайдалану керектігін және бұл бағытта қанша қаржы жұмсалатынын есептеп, тиісті ұсыныстарды Үкіметке енгізетін болады.