Ұлттық банк дерегінше, қазақстандықтардың банктер алдындағы ипотекалық қарызы 6,8 трлн теңгеге жетті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Жыл басынан бері ипотекалық портфель 11,5 пайыз өскен. Несиелердің басым бөлігі ұлттық валютада рәсімделген. Ал шетел валютасындағы ипотека көлемі 1 млрд теңгеден сәл асады, бұл 2025 жылдың 1 қаңтарымен салыстырғанда 34 пайыздан астам өсім көрсеткен.
Аймақтар бойынша ең жоғары көрсеткіш Астана мен Алматы қалаларында тіркелген. Елордада ипотекалық несие көлемі шамамен 2 трлн теңгеге жетіп, бір жылда 11,1 пайыз артқан. Алматыда бұл көрсеткіш 1,8 трлн теңгені құрап, өсім 20 пайызды көрсетіп отыр.
Келесі орындарда Қарағанды облысы – 393,4 млрд теңге, Шымкент – 380,9 млрд теңге, Ақтөбе облысы – 274,7 млрд теңге, Шығыс Қазақстан облысы – 207,9 млрд теңге және Павлодар облысы – 196,5 млрд теңге. Бұл өңірлерде өсім қарқыны 3–14 пайыз аралығында.
Ал ипотека ең аз рәсімделген өңірлер ретінде Ұлытау облысы мен Түркістан облысы аталды. Ұлытауда ипотекалық несие көлемі 20,1 млрд теңге, бір жылда 1,5 есе артса, Түркістан облысында 59,5 млрд теңгеге жетті, өсім 4,2%.