Бүгіннен бастап Отбасы банк пластикалық операцияларға біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану өтінімдерін қабылдауды тоқтатты. Мұндай шешім өтінімдердің 130 есе көбейіп кетуімен байланысты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
enpf-otbasy.kz платформасында стоматология мен офтальмологияға өтінім қабылдау тоқтағаннан кейін азаматтар жаңа бағыт ретінде реконструктивті және қалпына келтіру операцияларын таңдай бастады. Отбасы банк әдетте айына шамамен 16 өтінім қарайтын. Қыркүйекте олардың саны 123-ке, қазанда 1 844-ке, қарашада 3 878-ге дейін жеткен. Желтоқсанның алғашқы сегіз күнінде пластикалық операцияға 2 093 өтінім түскен, бұл бұрынғы орташа айлық көрсеткіштен 130 есе жоғары. Желтоқсандағы өтінімдер сомасы 1,8 млрд теңгеге жеткен
Отбасы банк төрайымы Ляззат Ибрагимова:
«Азаматтардың зейнетақы қаражатын мақсатқа сай пайдалануын бақылау – Отбасы банктың міндеті. Пластикалық операцияларға қызығушылықтың күрт артқанын көрген кезде, зейнетақы жинағының артылған бөлігін мақсатсыз жұмсау қаупін байқадық. Сондықтан бұл бағыт бойынша өтінім қабылдауды тоқтатуға мәжбүр болдық. Отбасы банк әрқашан ашық жұмыс істейді және клиенттердің мүддесін басшылыққа алады. Бұл – біздің ұстанымымыз және әлеуметтік жауапкершілігіміздің көрінісі. БЖЗҚ-дағы қаражат – азаматтардың болашақ зейнетақысы. Иә, қазақстандықтар зейнетақы жинағының артылған бөлігін пайдалана алады, бірақ тек белгіленген мақсаттарға ғана. Қазір осы желеумен делдалдар арқылы қаражатты БЖЗҚ-дан тыс шығарудың жиілегенін байқап отырмыз. Артық табысты солар иеленеді. Отбасы банк үшін ең маңыздысы – зейнетақы қаражатының мақсатқа сай жұмсалуын қамтамасыз ету, оны заңсыз пайда табуға айналдыруға жол бермеу», — деді.
enpf-otbasy.kz порталында пластикалық операцияларға арналған «Тыртықтарды және туа біткен ақауларды түзетуге арналған реконструктивті және қалпына келтіру (пластикалық) операциялар» бағыты 2025 жылғы 12 желтоқсаннан бастап тоқтатылады. Қазір банкте осы бағыт бойынша 6 294 өтінім қаралып жатыр
Азаматтар бұдан әрі де зейнетақы жинағының артылған бөлігін өмір үшін маңызды әрі қымбат ем түрлеріне пайдалана алады. Бұған орфандық сырқаттарды емдеу, радионуклидтік және радиойодтерапия, радиохирургиялық емдеу, протон терапиясы кіреді. Сонымен бірге зейнетақы қаражатын баспана жағдайын жақсартуға қолдануға болады: тұрғын үй сатып алу, ипотеканы өтеу, Отбасы банктегі депозитті толықтыру сияқты мақсаттарға рұқсат сақталады.
Бұған дейін Қазақстанда зейнетақы жинақтарын алуға қойылатын ең төменгі жеткіліктілік шегінің көтерілетіні хабарланған еді.