Қазақша сөйле де, таксиде тегін жүр. Теміртаулықтарға қазақ тілін үйретудің тиімді жолы табылғандай. Қалада «Таксидегі Quiz» жобасы басталды, ерекше таксиде жол жүру ақысы ақшалай емес, қазақ тіліндегі дұрыс жауаптар арқылы қабылданады, деп хабарлайды Juzmedia.
Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. Жобаның мақсаты — түрлі ұлт өкілдері арасында қазақ тілін насихаттау. Идея авторы – Теміртау қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің Тіл ресурстық орталығы мамандарына тиесілі. Такси күн сайын 17:00–19:00 аралығында жұмыс істейді. Бұл уақыттың таңдалуы да жайдан-жай емес.
«Осы уақытта қалада такси тапшылығы сезіледі. Адамдар жұмыстан үйлеріне барады, біреулер балаларын балабақшадан немесе мектептен алып кетуі керек, не үйірмелерге апарады. Сондықтан біз көпшілік үшін қолайлы – қарбалас уақытты таңдадық», — дейді Тіл орталығының мамандары.
Желтоқсанның 3-де өз жұмысын бастаған ерекше таксидің жолаушылары әзірге аз. Бірақ, идея авторлары жобаның танымалдығы артып, қазақ тілінің қолдану аясы кеңейеді деп үмітті. «Таксидегі Quizді» 8 747 938 48 27 нөмірі арқылы шақыруға болады.