ЮНЕСКО 10 желтоқсанда Нью-Делиде өткен Үкіметаралық комитеттің 20-сессиясында Қазақстан, Қырғызстан және Қарақалпақстанның дәстүрлі киіз үйлерін адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Қазақстан мен Қырғызстан бұл бастаманы алғаш рет 2014 жылы бірге ұсынған. Кейін Өзбекстан киіз үйдің қарақалпақ дәстүрін қосу жөнінде ұсыныс жасап, өтінім кеңейтілген. Бұл туралы Өзбекстан Президент әкімшілігінің басшысы Саида Мирзиёева айтты. Оның сөзінше, киіз үй қазақ, қырғыз және қарақалпақ үшін тек баспана емес, ұлттық болмыстың символы. Мирзиёева бұл шешімді тарихи күн деп атады. Өтінімде киіз үйдің жасалу жолы да сипатталған: ол ағаштан жасалған жиналмалы дөңгелек кереге, уық, шаңырақтан тұрады; сырты киізбен жабылып, арқанмен тоқылады. Мұндай баспана жеңіл, ықшам, экологиялық және көшпелі өмірге қолайлы. Киіз үй жасаудың қыр-сырын ерлер де, әйелдер де меңгереді.
Биыл ЮНЕСКО 68 өтінімді қарастырып жатыр. Қазір ұйымның мәдени мұра тізімінде 153 елден 812 элемент бар.
Қызылорда облысындағы Сығанақ, Жанкент және Жетіасар мәдени кешендерінің де ЮНЕСКО тізіміне енуі бек мүмкін.