homepage
Фото: Otyrar.kz

Шымкентте жаңа жылды тойлауға шамамен 100 млн теңге бөлінді

11.12.2025, 15:45

Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков қаладағы мерекелік әрлеуге 99 млн теңге жұмсалатынын айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

«Біз барлық бағытта қаржыны үнемдеп отырмыз. Өткен жылы қолданылған жаңа жылдық әшекейлердің бәрі бес ауданның қоймасында сақтаулы. Оларды жыл сайын қайта пайдаланамыз. Өздеріңіз білесіздер, бізде бес аудан бар, бұдан бөлек орталық алаңға шырша орнатылады. Биыл менің бастамаммен табиғи шырша қоюды жоспарлап отырмыз. Қала бойынша бөлінген жалпы сома – 99 млн теңге», – деді ол.

Алайда, былтыр жаңа жылдық безендіруге қала бюджетінен 80 млн теңге бөлінген. “Сонда сіз айтқан үнем қайда” деген журналистер сұрағына, Шымкент әкімі “қосымша жұмыс көп” деп жалпақшешей жауап беріп құтылды. Жалпы, жаңа жылдық безендіруге бюджет қаржысын бөлуде Алматы көш бастап тұр – 800 млн теңге. Ал, тарта жесе тай қаларын Түркістан әкімдігі ғана түсінгендей, мерекені тойлауда 2,5 млн теңгемен шектелмек.