Иран президенті Масуд Пезешкиан Қазақстанға құр қол келмепті. Иран мұрағаттарында сақталған қазақ тарихына қатысты бірқатар көне қолжазбаның көшірмесін ала келіп, бүгін Ақордада Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Құжат құнды, онда XVІІI ғасырдағы ұлт тарихына қатысты деректер бар. “Иранның мұрағаттарында қазақ тарихына қатысты көптеген жәдігер сақталған. Ғалымдарымыз әл-Фараби мұрасын бірлесе зерттеуді қолға алды. Қазақ жерінде ұлы ойшылға арналған тарихи-мәдени кешен салу мәселесі қарастырылып жатыр”, деді Президент.
Ал, тарихтан тысқары тақырыптарға келсек. Тоқаевтың айтуынша, мемлекеттер арасындағы тауар айналымы жыл сайын өсіп келеді, бірақ оны әртараптандыру маңызды. Қазақстан дәл қазір Иранға 200 млн доллардың тауарын жеткізуге әзір. Ол үшін Тегеранда Қазақстанның Сауда үйін ашу қажет. Пезешкиан келісті.
Ирандықтар да біздің елге инвестиция құйып келеді, мысалы Алматы облысында ірімшік өндіретін, ал БҚО-да тері илейтін зауыт салып жатыр. Өзара сауда быил 40% артқанмен, 3 млрд $ деген межеге жеткен жоқ, демек алыс-берісті күшейте түсу қажет.
Иран – Қазақстан үшін алып нарық, Каспийдің әр жақ бетінде 90 млн халық тұр. Оның үстіне, Иран біз үшін Парсы шығанағы мен Таяу Шығысқа шығатын маңызды транзиттік дәліз. Қалай дегенмен де, Каспидегі көршімен келісім сәтті өткенге ұқсайды, бірақ, біз үшін сауда-экономикалық байланыстар, саясиланып кетпегені маңызды. Мұны Тоқаев әрине түсінеді.