Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова физика, химия және биологияны бір пәнге біріктірілмейтінін айтып, көптен бері талқыланып келе жатқан даудың нүктесін қойып берді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Министр бұл пікірін Алматыда өткен жас ғалымдар конгресінде айтты. Оның сөзінше, үш пән де бұрынғыдай жеке оқытылады. «Физика – физика болып қалады. Химия – химия. Биология – биология. Біріктіру реформасы бүгіннен бастап тоқтайды», — деді ол.
Сүлейменова мектеп оқушыларының іргелі ғылымдарды терең меңгеруі үшін пәндердің жеке қалуы маңызды екенін айтты.
Еске салайық, биыл ұсынылған жаңа стандарт жобасында бірнеше пәнді біріктіру қарастырылған еді. Сол кезде жаратылыстану пәндерін «біріктірілген курсқа» айналдыру идеясы қоғамда үлкен талқы тудырған болатын.