Абай облысында Dala SK Construction және онымен байланысты компаниялар азаматтарды алдап, үлестік құрылысқа ақша жинаған. Бұл жөнінде Қаржы мониторингі агенттігі хабарлады, деп жазады Juzmedia.kz.
Компания екі жыл бойы ешқандай рұқсатсыз Irtysh Riverside тұрғын үй кешенін сала бастаған. Интернетте пәтерлерді арзан бағамен және пайызсыз бөліп төлеумен береміз деп жарнама таратыпты. Бірақ жоспарланған алты үйдің орнына тек бір ғимараттың қаңқасы ғана көтерілген.
2024 жылдың қазанында заңсыз құрылыс үшін компанияға айыппұл салынып, жұмыстар тоқтатылды. Соған қарамастан басшылық жарнама жасап, жоба жүріп жатқандай көрсетіп, тағы 64 адаммен жалған келісім жасаған.
Жиналған қаражат 1 млрд теңгеден асқаны анықталды. Ақша басқа фирмаларға аударылып, Өскемендегі заңсыз құрылысқа жұмсалған.
Залалды өтеу үшін күдіктілердің екі пәтері, 10 жер телімі және алты көлігіне тыйым салынды. Жауаптылар қамауға алынды.