homepage
фото: ашық дереккөзден

Қазақстандықтар жерлеу рәсіміне 4,4 млрд теңге жұмсаған

11.12.2025, 10:10

Осы жылдың 9 айында қазақстандықтар өлім-жітім рәсіміне 4,4 млрд теңге жұмсаған. Оның 4,1 млрд - халықтың жеке қаражаты, қалғаны - мемлекеттік төлемдер.
The Village Қазақстанда қайтыс болудың құны қанша деген сұраққа жауап іздеп көрген. 

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында қазақстандықтар жерлеу рәсіміне 4,4 млрд теңге жұмсапты. Ауылда да жерлеу рәсіміне аз ақша жұмсалмайды: 296,3 млн теңге, оның 254,9 млн - халықтың жеке қаражаты.

2025 жылдың қаңтар-қараша айларында ритуалдық қызметтердің бағасы 12 облыста қымбаттаған, ең жоғары өсім Қарағанды облысында - 20%, Батыс Қазақстан облысында - 11,4%, Ақтөбе облысында - 11,1%. 

Қазақстан - көпұлтты ел, діни рәсімдер әр түрлі. Бұл жерлеу құнына тікелей әсер етеді. Өлім-жітім рәсімдері үлкен қалаларда қымбатқа түседі. Қазақстанда жерлеудің ең төмен құны өңірлерде - 45-65 мың теңге, ірі қалаларда - 65-158 мың теңге. Бұл саладағы қызметте де “премиум” деген түсінік бар - 400-800 мың теңгеден жоғары.

Қараша айында Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы ас берудің ортақ мәзірін әзірлеген. 6 астан тұратын дастарханға нан өнімдерінен бауырсақ пен шелпек, шәй мен су, ыстық тағамнан ет немесе күрішті, яғни палауды таңдауға болады. Сондай-ақ, тізімде сары май, тары, талқан, қант пен кәмпит бар. Бұл өнімдердің бағасы шамамен бір адамға 8 500 теңге, деп жазады басылым. Мемлекеттік төлемге келсек, зейнеткерлер мен кейбір жәрдемақы алушыларға - 35 АЕК (137 620 тг), БЖЗҚ-да жинағы бар тұлғаларға өз жинағынан - 94 АЕК (369 608 тг) тиесілі.