Балық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне енгізілді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов ОКҚ брифингінде мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оның айтуынша, бұған дейін балық мұндай тізімде болмаған.
«Біз бес түрін ғана енгіздік. Халық күнделікті тұтынатын, кең таралған тұқы тұқымдас балықтар (плотва, карась, жерех, толстолобик), сондай-ақ сом қолжетімді болуы керек деп есептейміз. Ал бекіре мен қызыл балықты әлеуметтік маңызы бар тауар қатарына қосудың қажеті жоқ, себебі олардың өзіндік құны өте жоғары», – деді ол.
Сермағамбетовтың мәліметінше, 2021 жылдан бері балық шаруашылығына берілетін субсидия көлемі жеті есе өсіп, 2025 жылы 3,5 млрд теңгеге жеткен. Оның айтуынша, қолдау шараларының арқасында балық өсіретін шаруашылықтар саны жыл сайын артып келеді.
Министрлік 2026 жылдан бастап нарықтағы балық бағасы 10–12 пайызға төмендейді деп болжап отыр.