Қайтарылмайтын авиабилеттер төңірегінде дау күшейді. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың бұл билеттерден бас тарту билет құнын қымбаттатуы мүмкін деген мәлімдемесіне қарсы шықты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Депутаттың сөзінше, қайтарылмайтын билет ұғымының өзі бұрмаланған. Әлемде мұндай билеттердің 30 пайызы ғана ұсталып, қалғаны қайтарылады. Ал Қазақстанда әлі күнге дейін толық соманы қайтармай қояды. Әбенов нақты мысал келтірді:
«Мысалы, билет 40 мың теңге тұрады, бірақ мен оны 12 мыңға акциямен сатып алдым делік. Мұндай жағдайда билет ішінара қайтарылмайтын болуы мүмкін. Бірақ толық бағамен сатылғанда, компания бір ай бойы менің ақшамды пайдаланып отыр, тағы қайтармай қоюы — бұл дұрыс емес әрі заңсыз».
Оның сөзінше, вице-министрдің мәлімдемесі Парламент жұмысын бұрмалап көрсетіп, қоғамды депутаттарға қарсы қоюға итермелейді.
«Азаматтық авиация комитеті мен вице-министр мәселені толық түсінбей тұрып, Парламентке келместен мәлімдеме жасады. Соның кесірінен қоғамда теріс пікір қалыптасып жатыр. Халықты Парламентке қарсы қою — кем дегенде этиканы бұзу», – деді ол.
Депутат бұрын енгізілген жеңілдіктер де билет бағасын арзандатпағанын атап өтті.
«Бізде ұшақ билеттері көрші елдерден әлдеқайда қымбат. Әуе компанияларына жағдай жасайық деп, бақылауды жеңілдеттік, қайтарылмайтын билеттерге де рұқсат бердік. Бірақ бүгін кім айта алады — билеттер арзандады деп? Ондай ештеңе болған жоқ», – деді Әбенов.
Оның айтуынша, Мәжілісте қаралып жатқан тұтынушылар құқығын қорғау туралы заң жобасына қайтарылмайтын билеттерді толық жою және әуе компанияларына арналған айыппұлдарды күшейту нормалары енгізілген.
Ал Көлік министрлігі бұл мәселе кең талқылауды қажет етеді, ал қайтарылмайтын билеттерден бас тарту билет бағасының қымбаттауына әкеп соғуы мүмкін деп қорқасоқтап отыр.