homepage
Фото: Ашық дереккөзден

МАЭК-тің қарызы депутаттың сынына қалды

10.12.2025, 13:00

Мәжіліс депутаты Еркін Әбіл Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының (МАЭК) қаржылық жағдайына қатысты түсінік беруді талап етті. Оның айтуынша, кәсіпорынның тауарлық газ үшін қарызы 20 млрд теңгеге жеткен, жабдық тозған, ал комбинат жыл сайын бюджеттен көмек сұрауға мәжбүр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Депутат МАЭК-ке 2023 және 2024 жылдары Үкімет резервінен 5 млрд теңге бөлінгенін, биыл компанияны корпоративтік табыс салығынан босату мәселесі де қаралып жатқанын айтты. 

«Не себепті кәсіпорын осындай ауыр жағдайға түсті? Оны қалыпқа келтіру жоспары бар ма, әлде жыл сайын бюджеттен қаражат бөле береміз бе?» – деп сұрады ол.

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың айтуынша, негізгі себеп – жылу мен су тарифтерін ұзақ уақыт тежеп келу. Оның мәліметінше, соңғы екі жылда МАЭК-тің жөндеу қорын ұлғайту жұмыстары жүріп жатыр: 2023 жылы 6 млрд теңге болған қор 2025 жылы 15 млрд теңгеге дейін жеткізілмек. Бұл кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеуіне және кірісін арттыруға мүмкіндік береді.

Комбинатта қуаты 160 мегаватт болатын парогаз қондырғысы салынып жатыр. Жоба 2027 жылдың бірінші жартысында іске қосылмақ. Оның айтуынша, қондырғы жұмысы басталған соң кобинаттың табысы өседі, сонда МАЭК жыл сайын бюджеттен қаржы сұрамайды. Оған дейін әлі екі жыл бар.