Мәжіліс күзет қызметі мен қару айналымына қатысты заң өзгерістерін мақұлдады. Жаңа талаптар қаруды сақтау және бақылауды күшейтуді көздейді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Заң жобасына сәйкес, азаматтық және қызметтік атыс қаруы бар адамдар міндетті түрде ату бақылауынан өтеді. Бұл мемлекетке қарудың қандай оқтан шыққанын анықтайтын база құруға мүмкіндік береді. Егер қаруы бар компанияның жұмысы уақытша тоқтаса, олар қаруды 10 жұмыс күні ішінде полицияға өткізуге тиіс. Жеке күзет компаниялары да тұрақты түрде есеп беріп, жұмысы тоқтағанын немесе қайта басталғанын хабарлап отырады. Күзет фирмаларының филиал басшыларына да қарапайым күзетшілер сияқты бірдей талап қойылады.
Заңда қаруға бақылауды күшейтетін тағы бір маңызды өзгеріс бар — «әскерилендірілген теміржол күзеті» деген жаңа құрылым енгізіледі. Ол негізгі теміржол нысандары мен жүктердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ құжатта күштік құрылым қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету тәртібі нақтыланады. Заңды Сенат қарап, кейін Президентке қол қоюға жібереді.
Бұған дейін ІІМ пневматикалық және сигналды қару сатып алу ережесін жеңілдеткен болатын. Оны лицензиясыз алуға рұқсат берілген, бірақ медициналық анықтамалар мен сотталмағаны туралы құжат талап етіледі. Қару айналымына қатысты құжаттарды енді электронды үкімет арқылы рәсімдеуге болады.