homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Мысы басылған Ким. "Қазақмыстың" жаңа басшысы кім?

10.12.2025, 10:02

«Қазақмыс» корпорациясын жаңа акционерге беру туралы алғашқы келісімге қол қойылды. Құжатқа компания президенті Владимир Ким мен Директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огай қол қойды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Құжатқа қол қою бақылауды тапсыру процесінің басталғанын білдіреді. Келесі қадам – компанияның үлесін сатып алу-сату туралы келісімшарт болмақ. “Қазақмыстың” иесін ауыстыру процесі жыл соңына дейін аяқталмақ.

Корпорацияның қазіргі ірі акционері – мыс бизнесіндегі мансабын осыдан отыз жыл бұрын бастаған Владимир Ким – әлемнің ең бай 500 адамы тізіміне кірген жалғыз қазақстандық. 

“Қазақмыстың” ендігі иесі кім? Жаңа акционердің аты-жөні және келісім құны жайлы мәліметтер әзірге жарияланған жоқ. Алайда, отандық БАҚ беттерінде корпорацияның жаңа иесі - “Qazaq Stroy” компаниясының негізін қалаушы бизнесмен Нұрлан Артықбаев деген ақпарат көптен жүр. Қазақстанның ең бай 75 бизнесменінің тізімінде 44-ші орында тұр. 50 жастағы кәсіпкердің капиталы шамамен 228 млн доллар деп бағаланып жүр. Оған «Қазақтелекомның» 9,84% тиесілі, биыл қараша айында кәсіпкер «Ақтөбе» футбол клубын сатып алды. 

Ал, мәміле сомасы $3,85 млрд төңірегінде деген ресми емес ақпарат бар. Айта кетейік, «Қазақмыс» құрамында 37 компания және ірі өндірістік алаңдар бар, олардың көпшілігі жаңартуды қажет етеді. 2026-2045 жылдарға арналған инвестиция көлемі 3 трлн теңгеден асады деп жоспарланған.

Хабарламада акционердің ауысуы компанияның күнделікті жұмысына әсер етпейтіні айтылады. Өндіріс те, келісімшарттар да, қызметкерлердің кепілдіктері де сол қалпында қалады. «Қазақмыс» барлық жобаларын бұрынғы жоспар бойынша жалғастыра бермек.