Ресей эстрадасының өкілі Akmal қазақстандықтарға 6 млн теңгеден астам қарыз. Осы күзде Қазақстанның қалаларын аралап, концерт берген әншінің сахнада айтқан сөзі қазақстандықтардың шамына тиіп, кейін оның концерттерін өткізуге тыйым салынған болатын.
Нақтыласақ, концерттердің бірінде әнші көк және сары түсті пакетке салынған сыйлықты алып жатып "мына пакетті жағып жіберіңізші, түсі ұнамай тұр" деген. Оның бұл сөзін кейбірі Украина туының түсіне ұқсатып, ол елге деген қарсылығын білдірді десе, басқалары "ол Қазақстанның мемлекеттік символдарын сыйламады" деп топшылаған.
Жоспарланған, бірақ өтпеген концерттерге билет құны қайтарылады десе де, Петропавл мен Қостанай қаласының 100-ден астам тұрғыны ақшасын әлі ала алмай жүр. Олар тұтынушылар құқығын қорғау басқармасына өтініш жазған. Өтініштерді қарау барысында тұтынушылардың құқығы бұзылғаны расталды. Ұйымдастырушыларға билет құнын толық көлемде қайтару туралы ресми хабарлама жолданды.
«Егер қаражатты қайтару туралы талап орындалмаған жағдайда, ҚР "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Заңының 5-бабы 8-тармағына сәйкес, сатып алынған билеттердің ақшасын қайтару мәселесі бойынша сотқа жүгінеді», - деді Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Қанат Жеңісбекұлы.
Akmal – Түркіменстаннан шыққан, тегі ұйғыр әнші Акмал Қожаниязовтың сахналық есімі. Ресейдегі ән байқауларына қатысып, сол елде танылған әнші көбіне орыс тілінде ән шырқайды.