homepage
фото: ашық дереккөзден

«Тас» түскен жеріне ауыр... немесе Тасмағамбетов тағдыры

09.12.2025, 13:12

Қазір саясатты кім соқпайды?! Сен соқпасаң, өзі соғады... Әсіресе, биліктегі бишік ұстағандар хақында... Солардың бірі, қазақ қоғамы «Тас» атап кеткен Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов. Бүгін 69 жасқа толды...

«Тас» санаулы күндерден кейін Қызыл алаңдағы қызметін тапсырып, жаңа жылдан бастап, ресми жұмыссыздар қатарына қосылады. Ал бір жерден ұсыныс түсіп, қызмет тізгінін ұстап жатса, ол жағын уақыт көрсетеді. Бірақ, бір шындық бар. «Тас» тұғырынан түссе де, туы жығылатындардың қатарынан емес... 

Рушылдығын қайдам, рухты жан екені рас. Ұраншылдығын қайдам, Жаппас руынан екен рас. Жағымпаздығын қайдам, жағырапияның мұғалімі екені рас. Жастық шағын қайдам, қазақтың көп жастары секілді бокс пен күресті ермек еткені рас. Көрегендігін қайдам, комсомол болғаны рас. Көздегінін қайдам, Назарбаевқа көмекші болғаны рас. Өлермендігін қайдам, Өкіметте зам болғаны рас. Кейін сол Өкіметтің екі тізгін, бір шылбырын қолға алған тұста, не өндіргенін қайдам, ҚазақГейтке қатысты Парламент партасындағыларға лекция оқығаны рас. Жерінгенін қайдам, сол Үкіметте жүрген жерінде - Жер дауына қатысты бас көтерген депутаттардың демін басып, желігін желге ұшырғаны рас. Шаңырақтағы ісінде шатағымыз шамалы... Бірақ, Назабаевтың жанындағы қонақтарға шампан құйып, шауып жүрген көмекшінің көзге түсіп көрініп, тамсандырып танылуы 1994-2004 жылдары болғаны көпке аян. Оның үстіне үш бірдей астананың (Атырау мұнайлы астана, Алматы оңтүстік астана, Астана кәдімгі астана) әкімі болды. 

Өзі басқарған қалаларды түні бойы аралайтынын қайдам.... Астанада әкім болып тұрғанда, халықпен кездесуді бастады. Қалың жұрттың арасынан төрінен, көрі жақын бір орыстың кемпірі шығып; «Айналайын Имаш! Мына ақ мешіттен шығатын бес уақыттық азанның дауысынан мезі болдық»,-дегені бар. Саспады; «Апа, мен Сізге уәде берем! Ол азанның дауысы бүгіннен бастап, алтыншы рет айқайлап мазаңызды алмайтын болады»,-деді. Табан астындағы сондағы тапқырлығына талай ел таңдай қаққан сол кезде. Тапқырлық демекші... 

«Тас» 2010 жылы қожайыны 70 жасқа толғанда, Анкараға апарып, ол кісінің тас мүсінін қойдырған әкім. Анкараның сол кездегі әкімінен Назарбаевтың мүсінін сомдаған мүсінші кім, деп сұрағанда: «Иманғали менің досым. Бұл мүсінді ол кісі ұшақпен өзі алып келді. Біз сайын Назарбайға құрмет ретінде тек парктен орын бердік»,-дегенін, ендігі ел шынын айту керек білмейді... Міне, осындай игі бастамалардың авторы «Тас» әкім болғанға дейін де, одан кейін де апшысын қуырған-қуырмағанын қайдам, атынан атан үркетін АП-ны да тізгіндеп, Мемлекеттік хатшы қызметі мен Қорғаныс министрі болғаны да һақ... 

Тік! Тілді-ауызды! Сұсты! Суық! Сауатты! Салқынқанды! Кеудесін кім көрінгенге бастыра бермейтін Жан! Бірнеше тілге судай. Мәймөңке, можантопайлықты білмейтін, көз ашық, көкірегі ояу тұлға. Онысын енді зияны тимеген зиялы қауымның жасынан, жасамысына дейін әлі күнге таңды-таңға ұрып, жыр қылып айтады. Қара басының қамын қайдам, Қазақтың тарихы, әдебиеті, мәдениеті, руханияты деген дүниелер қазір «Таспен» жылап көрісетін хәлге жеткені рас... 

Соңғы жылдардағы қызметі Ресейдегі елшілігі мен ҰҚШҰ-ның Бас хатшылығы екенін де ел жақсы біледі. Елші болып бара қалған тұста, Ресей Президентіне Сенім громатасын тапсырып тұрғандағы бейнесі әлемжеліде әділ бағасын алған кезінде... Ал, былғайғы жұрт ОДКБ деп кеткен ұйымды басқарып жүріп, орыс БАҚ-тарының біріне берген сұхбатындағы контексті жұлып алып, «ресейшіл» деп жарыса-жазғандарға да «Тастың» жауабы дайын болды. Тек, Украинаның «Бітімгер» сайты «Тасты» агрессорлар тізіміне қосып қойғаны болмаса...

Міне, қазақтың турашыл, талапшыл, табанының бүрі жоқ қоғамда табандап тұра алатын, тауқімет-тақсыретін тайсалмай тарта алатын «Тас» тұлғасы жаңа жылдан кейін жұмыссыз қалады. Иә, жұмыссыз қалам екен деп, «Тастың» тауы шағылып, тасы үгілмес. Талайды көрген тұлғаны тұл кедей, тұлдыр сіңір дегенге ешкім сенбейді. Форбсқа енген күйе баласының 600 млн доллар байлығын айтпағанда, қара басының қалған өмірінде қарекет етуге жететін қаражаты бар екенін «Тастың» өзі айтпақшы: адамнан жасырсаң да, Алладан жасыра алмайтыны ақиқат. Тек, осындай от ауыз, орақ тілді, ұрда жықтығын қайдам, Ұлтжанды қоғам қайраткерінің Қазаққа бергенінен, берері әлі көп секілді көрінеді кейде. Бірақ, саяси-сәуегейшілер, сүйек-саяқ жаурыншылар - «Жаңа Қазақстандықтар» «Тасқа» қызмет бермек түгілі, жандарына таяқ тастам жер жуытпайды дегенді жиі айтады. Демек, олар «Тастың» саяси амбициясының да таудай екенін жақсы түсінеді... Бірақ, «Тас» қазірде талай жұрт айтып жүргендей, араға Путинді салып, Ақордаға сұрамшақтанатын «сұпайлардың» санатынан емес. Оған оның саяси сауаты мен қарапайым азаматтық сауаты мен Ар-ожданы жібермейтінін өзге емес, өзі ғана сезеді…

Авторы: Бекәлі Жәдік