Алматыда 8 желтоқсанда өткен жауыннан кейін тұрғындар киімдерінде қара дақ пайда болғанын айтып, әлеуметтік желіде талқылаған. Бұл жағдайды Экология департаменті былай деп түсіндіреді, деп хабарлайды Juzmedia.kz Qazaqparat агенттігіне сілтеме жасап.
Департамент басшысы Дінмұхамед Лесбековтың айтуынша, қалада бірнеше апта бойы жауын-шашын болмаған. Соның салдарынан шаң-тозаң, көлік және өндіріс шығарындылары ауада әдеттегіден көп жиналып қалған. Желсіз күндері бұл бөлшектер төменгі ауа қабатында тұнып қалады. Кеше жауған жаңбыр осы жиналған ластағыштарды жерге шайып түсірген.
Оның сөзінше, жаңбыр тамшылары ауадағы күйе мен шаңды өзіне сіңіріп алғандықтан, ашық түсті киімдер мен көліктерде қара дақ қалуы – қалыпты құбылыс. Ол бұл жағдайды «күйе араласқан жаңбыр» деп атауға болатынын айтты. Жаңбырдың химиялық қауіпті сипаты жоқ, тек ауада зиянды бөлшектердің көп болғанын көрсетеді.
Қалада ауа сапасын бақылайтын 16 станция жұмыс істейді. Әкімдіктің мәліметінше, кешегі жаңбырдан кейін IQAir көрсеткіштері жақсарған.