homepage
Фото: Dimashnews

Димаш Құдайберген БҰҰ-ның ізгілік елшісі атанды

09.12.2025, 09:32

Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген БҰҰ-ның көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымының (ХКҰ) жаһандық ізгілік елшісі атанды. Бұл туралы Женевадағы ХКҰ кеңесінің жыл сайынғы сессиясы кезінде мәлім болды. 

​Димашқа БҰҰ-ның ізгілік елшісі мәртебесінің символын Халықаралық көші-қон ұйымының басшысы Эми Поуп табыстады. Ол: «Бұл атақ әншінің мәдени ықпалын, оның азаматтық белсенділігі мен гуманитарлық бастамаларды халықаралық деңгейде ілгерілетуге деген талпынысын көрсетеді», - деп атап өтті. Былтыр Димаш Халықаралық көші-қон ұйымының Азия бойынша Аймақтық елшісі болып сайланған еді. 

2025 жылы әріптестік көлемі кеңейіп, Димаш жаһандық ұйымның бірқатар шарасына қатысты. 

Әншінің «Stranger» атты әлемдік турнесі Нью-Йорк, Мехико, Барселона, Лондон және Берлин сахналарында инклюзивтік пен төзімділік идеяларын насихаттауға арналды. Тур аясындағы концерттерді 100 мыңнан астам адам тамашалап, халықаралық көші-қон жөніндегі ұйым (IОМ) қызметінің танылуына ықпал етті. 8 желтоқсандағы кеңес отырысында Димаш өзінің танымал шығармаларының бірін орындап, делегаттар алдында өнер көрсетті. 

Жаңа мәртебе берілгеннен кейін Димаш Құдайберген алғыс айтып, мигранттардың құқықтарын қорғау, қауіпсіз көші-қонды түсіндіру, инклюзивтік пен тұрақтылықты насихаттау бағытында жұмысын жалғастыратынын жеткізді.