Қазақстанда құрылыс саласына қойылар талап күшеймек. Бұл жайында депутат Мұрат Әбенов мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
"Ғимарат 5 жыл өтпей-ақ қирай бастайды, жанынан жүрудің өзі қауіпті. Бақылау жоқ, сапа жоқ – басты мәселе осы. Ал ақша қалтаға кетті. Қазір мемлекет тек құрылыстардың 14%-ын бақылайды. Әр компанияның өз сараптамасы, өз техникалық бақылауы бар, яғни өздері салып, өздері қабылдап алады. Бұл дұрыс емес”, – деген депутат Әбенов қызды-қыздымен сапасыз құрылыс тұрғызғандарды түрмеге жабуды ұсынды.
Депутаттар Құрылыс кодексіне өзгерістер енгізуге екі жылдай уақыт кеткенін, нәтижесінде нормалардың 67%-ы жаңартылғанын айтты. Негізгі өзгерістер: құрылысқа мемлекеттік бақылау қайта енгізіледі, құрылысқа берілетін кепілдік 2 жылдан 10 жылға ұзартылды.
Енді құрылыс сапасына архитектор, техникалық қадағалау қызметі, сараптама және мердігер бірдей жауапты.
Енді ғимараттардың жоғарғы қабаттарын керамогранитпен қаптауға толық тыйым салынбақ. Лифттерге де кемінде 10 жылдық кепілдік беріледі, ал олардың жағдайын жыл сайын мемлекет тексеріп тұруы тиіс. Құрылыс материалдары бойынша барлық сатып алулар ашық порталға жүктеліп, бақылау күшейеді.
Елдің сейсмикалық картасы жаңартылып, жобалау кезінде міндетті түрде ескеріледі. Сонымен қатар сапасыз құрылысқа қатысы бар компаниялар “қара тізімге” енгізіліп, үш жылға дейін жұмыс істеуге тыйым салынады. Мердігерлерге де талап күшейіп, жұмыстың кемінде 70 пайызын өздері орындауға міндеттеледі.