homepage
Фото: ашық дереккөзден

"Елорда құрылыс" қашанғы құтырады?

08.12.2025, 16:38

Астана қаласының ревизиялық комиссиясы құрылыс нарығындағы екі негізгі ойыншы — "Елорда құрылыс компаниясы" мен "Елорда даму" ЖШС аудит жүргізіп, біраз былықтың бетін ашты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Жалпы, бұл компаниялар бастапқыда игі мақсатпен құрылған. Бірі, үлескерлерді құтқарып, проблемалық нысандарды аяқтауы тиіс болса, екіншісі апатты үйлерді сүріп, тұрғындарды жаңа пәтерлерге көшіруі керек болатын. Алайда, екі компания баспана мәселесін шешудің орнына, миллиардтаған бюджет қаржысын еш есепсіз, оңды-солды жұмсаған. 

Мысалы, "Елорда құрылыс компаниясы" ЖШС жылды шығынмен аяқтағанына қарамастан, өз қызметкерлеріне 1 миллиард 163 миллион теңге көлемінде сыйақы төлеген. Баса айта өтетін жайт, компанияның өзі банктерге 114 миллиард теңге қарыз. 

Ал, "Елорда даму" ЖШС 8 миллиард теңгені "City Transportation Systems" және "Астана Тазалық" компанияларына пайызсыз қаржылай көмек түрінде берген. Бұған қоса, "DSFK қаржы" деген беймәлім ұйымның кейін құнсызданған облигацияларын сатып алған, осылайша тағы 1 миллиард теңгені "желге ұшырады". 

"Елорда даму" - елорданың дамуына тұсау болғалы қашан. Серіктестік бес жылда тұрғын үй құрылысы көлемін 5,5 есеге қысқартқан. 2020 жылы 56 мың шаршы метр баспана салынса, 2024 жылы бар болғаны 10 мың шаршы метр. 

Ревизиялық комиссия 34 факт бойынша кінәлілерді жауапқа тарту үшін материалдарды құзырлы органға жолдады. Былтыр жыл аяғында Жеңіс Қасымбек “Елорда құрылыс компаниясын” таратамыз деп уәде еткен. Әкімнің де тісі батпаған “Елорда құрылыс” қашанғы құтырады?  Одан да маңызды сұрақ: миллиардтаған шығынның өтеуі кімнен?