homepage
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астаналық жүргізушілер қысқа дайын болмай шықты

08.12.2025, 15:33

“Қыс басталды, қар болса әлі жоқ” деп жаумаған қарға жабырқаған астаналықтар қысқа дайын болмай шықты. Қыстың сегізінші күні жауған алғашқы қардан көлік қозғалысы қиындап, жүзге жуық жол-көлік оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қардың қалыңдығы екі сантиметрге жетті. Қардың түсуін асыға күткен тазалық мекемелері бірден іске кірісіп кетті. Әкімдіктің дерегінше, алты ауданға 3 мыңға жуық жол жұмысшысы және мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылған. 

Құқық қорғау қызметі жүргізушілерге жылдамдықты шектен асырмауды, қашықтық сақтауды, күрт маневрден аулақ болуды және жаяу жүргінші өткелі мен қиылыстарға жақындағанда жылдамдықты баяулатуды ескертті. Қысқы дөңгелегі жоқтарға бірден айыппұл салынады. 

«Қазгидромет» ауа райының күрт суытады деп болжайды. Ақмола облысында 9–10 желтоқсанда температура -22…-27°C аралығында, кей жерлерде -35°C дейін төмендейді.